Шымкент қаласының медициналық ұйымдарында медицина қызметкерлері мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи цифрлық технологиялар кезең-кезеңімен енгізілуде.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда жалпы саны 2722 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде 689-ы сыртқы, 2033-і ішкі бейнекамералар. Олар медициналық ұйымдардың қабылдау бөлімдерінде, күту залдары мен дәліздерінде, сондай-ақ кезекші дәрігерлер мен бейінді мамандардың кабинеттерінде орналастырылған.
Медициналық ұйымдарда заң мен тәртіп қағидаттарын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Заманауи бейнебақылау жүйелері қоғамдық тәртіпті сақтауға, қауіпсіздік деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және пациенттерге сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсетуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, терроризм тұрғысынан осал санатқа жататын 28 медициналық ұйымның бейнебақылау жүйесі Ішкі істер органдарының Жедел басқару орталықтарына (ЦОУ) қосылған. Бұл төтенше жағдайлардың алдын алуға, құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде жедел медициналық жәрдем қызметінің барлық бригадалары смарт-бейнежетондармен қамтамасыз етілген. Бұл құрылғылар шақырту барысында оқиғаны толық бейнежазбаға тіркеп қана қоймай, қызметкерге қауіп төнген жағдайда жасанды интеллект арқылы қауіпті автоматты түрде анықтайды. Егер медицина қызметкері шақырту кезінде шабуылға ұшыраса немесе оның өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, «SOS» немесе «Көмек» деген дауыстық пәрменнің өзі жеткілікті. Жүйе сигналды автоматты түрде өңдеп, полиция департаменті мен жедел басқару орталығына хабарлама жібереді. Соның нәтижесінде оқиға орнына ең жақын полиция экипажы мен жедел жәрдем бригадасы жедел бағытталады.
Қазіргі таңда медициналық ұйымдарда агрессивті мінез-құлық белгілерін ерте анықтау және медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейту мақсатында жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитика жүйесін енгізу мәселесі зерделенуде. Аталған жүйені Ішкі істер органдарының Жедел басқару орталықтарымен ықпалдастыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
